2161
24 апреля 2024
Назерке Құрманғазинова, Алмас Қайсар, фотолар Алмас Қайсардыкі

«Халық күтумен отыр»: Атыраудың су тасқынына дайындығы

Айға созылған дайындық, адам жетіспеуі және өткеннен сабақ алмау

«Халық күтумен отыр»: Атыраудың су тасқынына дайындығы

Сәуір айының басында Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқыны болып, соның салдарынан Құлсары қаласы су астында қалды. Жағалауында көптеген елді мекен орналасқан Жайық өзенінде су деңгейі көтеріліп, облысқа, облыс орталығы Атырау қаласына қауіп төнді.

Сәуір бойы еріктілер, жергілікті тұрғындар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар нөпір су келеді деп өзен жағасын бекітіп, канал салып, эвакуация бөлімшесін дайындап жатыр.

Власть журналистері су тасқынына дайындық қалай жүріп жатқанын білу үшін Атырауға барып қайтты.

«Бір қолда – күрек, екінші қолда – телефон, құлаққап, сабақ өтеміз»

Атырау қаласын екіге бөліп жатқан Жайық өзенінің жағасы түгелдей дерлік көтеріліп, құмнан бөгет жасалып, бір сызықтың бойымен қапшықтар қойылған.

Бір қарағанда қала бұрын-соңды болмаған апатқа дайындалып жатқандай әсер қалдырады: жағалаудағы қорғанысты нығайтумен қатар тұрғындар мен бизнес өкілдері өз бетінше қапшықтарды толтырып, шұңқыр қазып, ғимараттарына да қорғаныс жасап жатыр.

Көшеде, кафеде, таксиде – барлық жерде әңгіме су тасқыны туралы. Жергілікті халықтың айтуынша, бастапқыда қала тұрғындарының бір бөлігі дүрбелеңге түсіп, қаладан кетіп қалған. Кейбіреуі бекініс салуға көмектескен.

Арада біраз уақыт өткенде қала тұрғындары уайым мен сабырдың ортасындағы екіұдай күйде қалып отыр. Оралдағы бекіністердің бұзылып жатқанын көргенде қорқыныш билейді. Ал қаланың дайындық жасайтын уақыты жеткілікті болғаны бойға сенім ұялатады.

«Сәуірдің басында халық қатты қорықты. Қазір қорқыныш аздап сейілді. Себебі жағалаудағы бекініс қалай салынып жатқанын көріп жүрміз. Өзіміз де еріктілер қатарында жүрдік. Мен мұғаліммін, қазір сабақты онлайн өтіп жатырмыз. Бір қолда – күрек, екінші қолда – телефон, құлаққап тағып, сабақ өтеміз», – дейді Гүлшат Ұлықпанова деген жергілікті тұрғын күліп.

Ол заттарын жинап қойған, әлеуметтік желіден судың жағдайы мен су басуы мүмкін аудандардағы ахуалды бақылап жүр.

Алайда қалаға тасқын су келеді дегенге сенбейтіндер де бар.

«Ауылдарды, қаланың сырт жағын су басуы мүмкін, бірақ қаланың өзінде тасқын болады дегенге сенбеймін», — деп сенімді сөйледі қапшық толы, құм үйілген жағалауда демалып жатқан Сәкен.

«Халық Құлсарыны су басқан соң оянды»

Жайықтың төменгі ағысында орналасқан «Химик» бау-бақша қоғамына қарай бара жатырмыз. Атырау мұнай өңдеу зауыты мен басқа да ғимараттар қаптардан бекініс жасап қойған. Мұнда адам аз, тек Жайық жағасында жағалауға қажет материалдар тасып жүрген «КамАЗ» көліктерінің гуілі естіледі.

Жолдың шаңын көтеріп, осындай көліктің бірі жүріп өтті. Жергілікті тұрғындардың бірі жұмысшыларға шағымын айтып жатты.

«Көлікпен жүру мүмкін емес. Тағы да құм төгейін деп жатыр. Зейнеткерлерге үйден шығу қиын, мұның бәрі осы жерде қалады ғой. Не жедел жәрдем, не өрт сөндірушілер кіре алмайды!» – дейді қарт адам үйлер мен өзен арасындағы тар жолды көрсетіп.

«Ал су келсе, не болады? Бізге әкімдік осындай тапсырма берді», – дейді жұмысшы.

«Олар бізге жолды жаппаймыз деді! Оның бәрін неге жолға төгіп жатқандарыңды түсінбедік», – деп ол кісі де болмады.

«Тасқын келсе қайтесіз, қорықпайсыз ба?» – деп сұрадық. Ол осы жерде тұрып жатқан бәленбай жылда ешқашан бұл ауданды су басқанын көрмегенін айтты.

«1993 жылы су тасыды, шамамен бір метрге көтерілді-ау деймін, саяжайларға жеткен жоқ. Ал қазір мына жерге бүкіл қаланы су басатындай бөгет салып жатыр», – дейді ол.

Жағалау жұмыстарына жауапты Тұрлан деген жұмысшы Рыбник, Зарослый және Курилкин саяжайларында ұзындығы 5 шақырым болатын бөгет жасағанын айтады.

«Халық топырақ дуалы шарбақтарына тиіп жатқанын айтады. Біз тақамауға тырысып жатырмыз. Бірақ дайындалып, бәрін алдын ала жасау қажет қой. Су келсе, өте қиын болады», – дейді Тұрлан.

Көрші көшеде 50-60 адам қапшыққа құм салып жатыр. Оларға сорғы станциясын жөндеуді жоспарлап жүрген жергілікті тұрғындар қарап тұр. Атын атағысы келмеген екі ер адам бізге жағалауға бекініс салу жұмыстарын әскерилер келгенге дейін өздері бастап кеткенін айтты.

«Бізді ұмытып кетті деп ойладық. Бірақ кейін, ақпарат құралдарында айтылған соң, техника келді. Әрине, мүмкін уақытынан бұрын дүрліккен шығармыз, бірақ келгені дұрыс болды», – дейді ол.

Жағаға жақын жерде жұмысты үйлестіруші, ерікті Бағдат Ертөгелі жүр. Өзі Құлсарыдан, Атырауда жағалауға бекініс салуға көмектесіп жүргеніне екі аптадан асыпты.

«Құлсарыда ата-анам, бауырларым бар. Ағамның, жездемнің үйі суға кетті. Негізі сонда көмектесіп жүретін адаммын ғой, бірақ ол жақта жұмыс жүріп жатыр. Мына жаққа қол күші керек болған соң келдім», – дейді ол.

Бағдаттың жетекшілігімен еріктілер Зарослый, Судоремонтник, Рыбный және Химик аумағында 4,5 шақырымға созылған бөгет салды. Бағдат осындай жұмыстарды үйлестіруші боламын деп ойламағанын айтады.

«Басында кәсіпкерлер мен басқа да адамдар 600 мың теңге жинап берді. Оған қап пен күрек сатып алдық. Оларды таратып бердім. Ол кезде құрал-сайман жетіспей жатты. Бұл жақта ешқандай жұмыс жүрмей жатқанын көріп, орталық штабқа хабар бердім. Сосын маған осы жерді тапсырды. Басында бәрі шашыраңқы болды, бірақ қазір жұмыс бір жүйеге келе бастады», – дейді Бағдат.

Оның айтуынша, мұнда енді бір жарым шақырымға бекініс салу қажет. Бағдат Ертөгелі дуалдарды қапшықпен бекіту жұмыстарына жауап береді. Бұл жердегі бөгеттердің биіктігі – 7 метр. Мұндай есепті геодезия мамандары берген.

Бағдат Ертөгелі

Төмен жақта балаклава киіп ыстықтан қорғанған жұмысшылар қапшықтарға құм толтырып жатыр. Олар камераның өздеріне бағытталған көріп, күле бастады.

«Мына жігітті түсірші! Аты – Рүстем, 27 наурыздан бері тынбастан жұмыс істеп жатыр, Нөкістен келген, Қарақалпақстанның атынан!» – деп айғайлады жұмысшылардың бірі.

Екінші жақтан жұмыстан басқаға алаң болмауды сұраған дауыс шықты: «Жұмылған жұдырықтай болайық! Бітіру керек, 15 минуттан кейін автобус келеді».

Ер адамдардың бірі Геолог, Алматы, Балықшы және Мұнайшы елді мекендерінде жұмыс істегенін айтты.

«Қаламызды аман алып қалғымыз келеді, – дейді ол. Су тасқынына қатысты қорқынышы бар-жоғын сұрадық. — Қорқатын түгі жоқ, судан да аман шығамыз».

Бағдат Ертөгелі қазір еріктілер жетпей жатқанын айтады. Қазір олар «әйтіп-бүйтіп», таңғы 10-нан түнгі 11-12-ге дейін жұмыс істеп, күніне 200 метрден бекініс салып жатыр.

«Құлсарыны су басқан соң, халық есін жиды, бір-екі күндей өте көп адам келіп жүрді. Қазір бәрі қайтадан еркінсіп кетті. 15 күннен бері осындамын, осы аралықта үнемі келетін тек 3-4 адамды көрдім. Бесікті, Алмалыға университет пен колледждерден еріктілерді жіберді, бізге жібермеді. Тұрғындардың көмектесуге құлшынып тұрғаны байқалмайды. Күніне екі мың қапшықтан дайындап жатырмыз, бұл – қара жұмыс, оңай емес», – дейді ол.

Әңгімеге жергілікті тұрғын Наргүл Мақсотова араласты. Ол екі аптадан аса уақыт бойы жағалау жұмыстарына көмектесіп жүр. Наргүл бұл жаққа 17 жыл бұрын көшіп келген.

«Өзен суының тартылып жатқанына 13-14 жылдан асты. Су тартылған соң адамдар осы жаққа көше бастады», — дейді ол.

Наргүл Мақсотова

Көп қиындыққа қарамастан неге мұнда жүргенін сұрағанымызда, Бағдат Ертөгелі «ешкім зардап шеккенін қаламаймын» деп түсіндірді.

«Бір үй суға кетсе, қалғаны да кетеді. Адамдар өз үйінің алдына бөгет жасалған соң, әрі қарай көмектескісі келмейді. Бірақ көрші үйге су кірсе, ол сенің де үйіңе жетеді ғой. Негізі бұл жұмыстар әлдеқашан жасалуы қажет еді, жыл сайын ақша бөлінуі керек еді. Бірақ қазір мұны айтып, біреуді кінәлайтын уақыт емес. Қазір бөлінбей, қайта бірігуіміз керек», – дейді ол.

Еріктілер жұмыс күні аяқталып, оларды алып кетуге келген автобустарға отырып жатқан сәті

«Демалатын уақыт жоқ»

Еріктілерге, әскерилерге және төтенше жағдай қызметкерлеріне берілетін тамақтың бір бөлігін Атырауда 24 наурыздан бастап ашылған гуманитарлық көмек орталығы ұсынып отыр.

Орталыққа келетін адам көп екенін көшеден-ақ білуге болады. Ғимараттың терезесінен бірінің үстіне бірі қойылған, скотчпен оралған қораптар, памперстер, дәретхана қағаздары мен басқа да көп затты көрдік.

Кірген кезде әуелі жайлы атмосфера сезіледі, кешке қарай мұндағылар жүк тиеп, тізім жасап, тауарларды тексереді. Мұны көбіне студенттер істейді.

Алайда сәлден кейін залға бір жігіт кіріп, кезекті жүк келгенін хабарлады. Алматылық еріктілер 16 мың қорапша шәй әкелген, оның бір бөлігін Атырауға тиеп жібергелі жатыр.

Бәрі жылдам жиналып, жүргізушілермен бірге жәшіктерді түсіріп алды.

«Компания біз арқылы көмек жібереді, біз оны Құлсарыға, Ақтауға (Құлсары тұрғындарының бір бөлігі Ақтауға эвакуацияланды — В.) жібердік», – деді Адель Ким деген ерікті қыз орталық жетекшісі Әмина Жәрдемқызына.

Кейін олар тауардың жөнелту құжаты бар-жоғын анықтауға тырысты. Жоқ екен, Әмина Жәрдемқызы барлығын өздері есептейтінін айтты.

«Кейде ескертпей келетіндер болады. Ол кезде қиналып қаламыз, себебі біз еріктілерді жүктің келуіне қарай кестемен шақырамыз ғой, – дейді Әмина. – Қызық жағдайлар да болып тұрады. Бізге Құлсарыға азық-түлік жіберуге дайынбыз деп блогерлер келді. Бірақ оқырмандарына бәрін көрсету үшін оларды тікұшақпен алдыруымыз керек екен».

«Кешіріңіз, Құлсары – цирк не экспедиция емес. Осылай деп үш-төрт адам келді, шыны керек, қатты таңғалдым. Фото, құжат, түбіртек қажет болса, бәрін береміз, біз өзімізден де ашықтықты талап етеміз», – дейді Әмина Жәрдемқызы.

Амина Жәрдемқызы

Орталық наурыздың аяғында ашылып, жұмысын сол кездері су тасқынынан қиналып жатқан Ақтөбеге көмек жинаудан бастаған. Ол жаққа 8 тонна гуманитарлық көмек жіберілген. Кейінірек Жылыой ауданы мен Құлсарыға көмек жинау жұмыстары басталған. Қазір олар қатты тасқын бола қалса деп, Атырауға көмек дайындап жатыр.

«Басында осында қонып қалып жүрдік. Жүк көліктерімен әкелетін, біз оның бәрін түнгі 11-ге дейін бөліп, қабылдап алатынбыз. Таңертең жүк келген кездер де болды. Бәрін тіркеп отырамыз, шамамен 1300 тонна гуманитарлық көмек жинадық. Кейде кір киім әкеледі, оны тазалау да уақыт алады. Бір бөлігін Жылыойға жібереміз. Негізі ол жаққа азық-түлік, көрпе, гигиеналық тауарлар мен дезинфекция қажет», – дейді Әмина Жәрдемқызы.

Оның айтуынша, көмек түрлі облыстан, сонымен қатар өзге елдерден де келеді. Қырғызстаннан төрт жүк көлігі келген. Дағыстаннан, Астрахан қазақтарынан да көмек келген.

«Әрине, мұның бәрін ұйымдастыру қиын болды, бұл – үлкен жауапкершілік. Ұйымдастырушы болсаң, “бәрін жеп қоятын, өзінің таныстарына тарататын” адам болып шыға келесің. Мұндайға мән бермеуге тырысамын. Артында мыңдаған адамның еңбегі, екіншіден елдің аманаты тұр. Мұңайып отыратын уақыт жоқ», – дейді ол.

Біз сөйлесіп тұрғанда еріктілер жәшіктерді басқа жерге апару үшін арбаларға бөліп салды. Студент Санат Маратұлы 15 күннен бері кешкі 8-ден таңғы 9-ға дейін ерікті болып жүр. Күндіз сабағына барады, кешке осы жерге келеді. Қазір ол азық-түлікті бөліп, жазып алып жатыр.

«Жаңа орта, достар тауып, танымал адамдармен танысу үшін ерікті болып келдім», – дейді ол.

«Жоспарың орындалып жатыр ма?» десек, «жартылай орындалып жатыр» деп күледі.

«Адам жетпей жатыр»

Ертесіне таңертең жағалауды бекіту жұмыстары жалғасып жатқан Талқайран ауылына жолға шықтық. Бұл – су басу қаупі бар аудандардың бірі. Мұнда да ойнап жүрген баланы айтпағанда, көшеде жүрген адам аз.

«Бүгін жексенбі, көбі демалып жатыр», – дейді бізге Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.

Ол бұл жерде жағалауға бекініс орнату жұмысын үйлестіруге жауапты. Бәріміз бірге Талқайран-1-ге бара жатырмыз. Ол жақта жұмыс біткен, жағалауда сызық бойымен қапшықтан бекініс жасалған.

«Атырауда шекті нүкте – 550 метр, одан асса, қауіпті болады. 7 метр болып көтерген бөгеттер суды тоқтатуға көмектеседі деп ойлап отырмыз. 8, 9 метрге дейін барса, қиын болады», – дейді Жантоқов.

Кейін біз Талқайран-2-ге жол тарттық. Бұл жаққа адамдар енді-енді көшіп келе бастапты. Жантоқовтың айтуынша, 1993 жылғы тасқын кезінде бұл жер егістік алқап болған. Қазір халық қоныстанған аймақ болған соң, бұл жақтағы жағалауды да бекіту қажет.

Қазір Оралдағы жағдайды бақылап отырмыз дейді. Бұл жаққа су бір-екі күннен кейін келеді деп ойлайды: «Қазір онша көтеріле қоймаған сияқты, Иректі су қоймасының суы әлі жеткен жоқ». Жантоқов Жайықтағы су Ресейде орналасқан Иректі су қоймасынан келетінін айтады. Бұрын секундына 15 текше метр су жіберсе, қазір 630-ға жуықтапты.

Дегенмен су деңгейі көтерілгені анық білінеді. Жантоқов мал жайылып жүрген жағалау жаққа нұсқады, бұрын ол жерде су болмаған.

«Қазір су бұрынғыдан ерте келеді, әдетте мамырда келетін. Бұның да салдары бар. Ерте келіп-кеткен судан құрғақшылық болады. Сондықтан қазір бір барынша суды каналдарда алып қалуға тырысып жатырмыз, себебі алдағы уақытта ауыл шаруашылығына су керек болады», — деп түсіндірді ол.

Бұл кезде жағалауда әскерилер бірнеше жергілікті тұрғынмен бірге толқынға қапшық төсеп жатты.

Ербол деген тұрғын екі аптадан бері жағалауға бекініс салуға қатысып жүргенін айтады. Басында ол жұмыстан сұранып жүрген, ал қазір жұмыс күні аяқталған соң қосылып жүр. Ерболдың айтуынша, мұнда адам жетіспейді.

Өзі бұл жаққа төрт жыл бұрын көшіп келген. Ол кезде үй өзенге жақын екенін ойлап бас қатырмапты, «ол кезде мұндай қатер болған жоқ, қазір түсініп жатырмыз» дейді.

Осы кезде әңгімеге Талғат деген азамат қосылды. Ол – 1993 жылғы тасқынды көрген зейнеткер.

«Ел күтумен отыр. Бұл жақта азғантай халық бар, көбі қалаға кетіп қалды. Не боларын кім білсін, жиһаздың барлығын жоғары көтеріп, құжаттарды жинап қойдық», – дейді ол.

Бірақ қария бұл жерге су жетпейді, жетсе де бөгеттер тоқтатады деп есептейді.

Бекіту жұмыстарына жақын жерде әскери қызметкерлердің штабы бар. Жантоқовтың айтуынша, тасқын бола қалса, олар сол жерде болып, адамдарды эвакуация жасауға дайындалады.

Жедел штаб және карталар

Атырау облысында төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін ашылған жедел штабқа кірдік. Бұл жерде баспасөз конференциясын өткізуге арналған үстел, жиналыс өткізуге арналған орталық зал мен түрлі бөлім бар. Үстелге қарама қарсы – бекіту аймақтары мен су деңгейін бақылап отыруға арналған камералардан жазба экраны көрсетілген екі үлкен монитор тұр.

«Бізде шамамен 120-ға жуық нүкте бар, әрбіріне белгілі бір мемлекеттік мекеме немесе үлкен кәсіпорын басшысы жауапты. Сондай-ақ, еріктілер мен тұрғындар бар. Олар күнделікті штабқа келіп, жұмыс қанша пайызға орындалғанын баяндайды», – дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Монитордан Оралдағы жағдайды да бақылап отырады, Жайық екі облысты да кесіп өтетін болған соң, «тағдырымыз бір» дейді ол.

Жасұлан Бисембиев картадан тағы бір нүктені көрсетті. Мұнда облыстағы мал қорымы белгіленген, барлығы 66 орын бар.

«Аудан әкімдері қазір қандай жағдайда екенін тексеріп жатыр. Стандарт бойынша, олар бетон капсулаларға көмілуі керек. Бірақ біз қосымша тығыздап, толтыру керек деп тапсырма бердік. Барлығын тексерген санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен ветеринарлық қызметтен құралған комиссиядан да хаттама алдық. Сібір жарасы бар мал жерленген жерлер де тексерілді», – дейді ол.

Әкімнің орынбасары наурызда Қызылқоға ауданындағы Миялыға су келгенде бір мал қорымын су басқанын айтады. Сол кезде онда СЭС мамандары барып, судың эпидемиологиялық өзгерісін бақылап отырған. Мұндай жұмыстар Құлсары қаласында да жүріп жатыр екен.

Штабта 1993 жылғы карта тұр. Оны сол жылдардағы үлкен су тасқынынан кейін жергілікті су мамандары жасаған.

«Қандай қауіп тууы мүмкін екенін тарихи мәліметтерден қарап отырамыз. Бірінші күндері ақсақалдарды, сол кездегі «Қазсушар» басшыларын, әкім, ғалымдарды жинаған едік. Сол кезде осындай карта бар екенін білдік. Сөйтіп, түнде архивтен осы картаны тауып алдық», – дейді.

Картада көк түспен өзеннің тасу аймағы белгіленген, ал сызықпен Жайықтың қай жағалауынан су шыққаны көрсетілген.

«Ол кезде қала қорғанды. Ол кезде Соколок каналы болған, жағасы соғылып, тереңге тиген. Екінші Сарыөзек каналы қорғап қалған. Махамбеттен бастап Жалғансай, Сарайшыққа дейінгі далалы жердің бәріне Жайық суы жайылғн болатын», – дейді Бисембиев.

1993 жылғы су басу кезіндегі карта

Қазір облыстағы тасқынның жайы қандай? Қандай шаралар қолға алынған?

Наурыз айының аяғында Қызылқоға ауданындағы Ойыл өзені тасып, Миялы мен басқа да елді мекендерге қауіп төніп, рекордты деңгейде су келді. Бірақ мемлекеттік органдар мен тұрғындардың көмегі арқасында негізгі елді мекендерге су кірген жоқ.

Екінші қатер Ақтөбе облысынан бастау алған Жем өзенінен келді. Құлсары қаласы мен бірнеше елді мекен су астында қалды. Құлсарыда бір апта бойы дайындық жұмысы жүргізілді, бірақ су негізгі бағыттан емес, айналып, басқа жақ шетінен кіре бастады.

Қазір әлі де бағалау жүргізіп жатырмыз. Қаланың жалпы аумағының 30%-ын су басып, 2800-ге жуық нысан су астында қалды. Су тасқынының қауіпті кезеңінде 35 мың жуық адамды эвакуациялауға тура келді, бұл қала халқының жартысы деуге келеді. Бірақ кейбірі дүрбелеңге салынып, үйі суға кетпесе де, көшіп кетті. Зардап шеккендер саны 8–10 мыңның айналасында деп санап отырмыз.

Ал Құлсарыдағы жағдайдың алдын алуға болар ма еді?

Тиісті тергеу жұмыстары анықтайтын шығар, қазір айту қиын. Қаланы сақтап қалу жоспары болған еді. Жем өзенінде үлкен бөгеттер соғылған. Бірақ су біз күтпеген жақтан келді, ол жерде бөгеттің сапасы тиісті деңгейде емес. 1993 жылы да солай болған.

Жасұлан Бисембиев

Құлсарыны қалпына келтіру жұмыстары басталды ма? Қаланы қалпына келтіруге қаржы қайдан бөлінеді?

Қазір қаланы қалпына келтіру жөнінде айту қиын. Әлі суды шығара алмай жатырмыз, су тұрып қалған. Құлсары өзі ойпатта орналасқан, айналасы биік.

Су тартылған соң бағалау комиссиясы жұмыс істейді. Оның құрамына жауапты мемлекеттік органдар, депуттатар, белсенділер кіреді. Ал бағалауды кәсіби бағалау компаниясы жасайды. Олармен келісімшарт жасап жатырмыз.

Қазір аудан тұрғындары бағалауды бастай бермейсіздер ме дейді. Қазір белгілі бір сома шығады, кейін су кеткен соң бүлінген жер көбейіп, құны өзгеруі мүмкін.

Қандай заттарға өтемақы төленеді?

Ресми тіркелген жылжымайтын мүлікке.

Мысалы, суға түсіп кеткен телефон да мүлікке жата ма?

Жоқ. Тек жылжымайтын мүлік. Жиһаз, тұрмыстық техникаға қатысты сұрап жатады. Үкімет те, мемлекет басшысы да бюджеттен өтелетін шығындар және бюджеттен тыс өтелетін шығындар болатынын айтты. Сонымен қатар, ірі демеушілер Атырау облысына көмектесеміз деп отыр. Бірақ ол үшін алдымен бағалау жұмысын аяқтап алу керек.

Құлсарыдағы су тасқыны кезінде қаза тапқандар туралы не айтасыз? Олардың отбасына өтемақы төлене ме?

Нақты айта алмаймын, бірақ су басқан үйін көріп қайту үшін трактормен үйіне барған екі адам туралы білемін. Олар аударылып түсіп, трактордан шыға алмай қалған. Ал әкесі мен ұлына қатысты екінші жағдай туралы нақты білмеймін. Біз әлі өтемақы мәселесіне жете қоймадық, бірақ жерлеу шығынын жабуға көмектестік. Жағдай тұрақтанғаннан кейін бәрін қарастырамыз.

Жайық өзеніндегі ахуал қандай?

Қазіргі басты қауіп – Жайық өзені. «Қазгидромет» мәліметтеріне сәйкес, су шекті деңгейден асады (5,5 метр). 6 метрге дейін көтеріледі деген болжам бар.

Осыған байланысты Жайықтың ең осал нүктелерін анықтадық. Кейінгі ғасырдағы барлық тасқынды зерделеп, Жайықтың арнасынан асуы Махамбет ауданындағы жағалауда екенін анықтадық. Су 15–18 шақырымға дейін жайылады.

Негізгі қорғаныс бекеті – қала үстіндегі Бесікті елді мекенінен басталып, Қарабатан елді мекені арқылы өтетін Соколок деп аталатын канал. Ал батыс жағындағы бекініс – Сарыөзек каналы, ол Алмалы жақта басталады және әуежай жақты қорғайды.

Сол екі каналдың бойын жалпы биіктігі алты метрге көтердік, жұмысты аяқтап қалдық. Балтық биіктік жүйесіне сүйеніп жұмыс істейміз. Оған сәйкес, Соколок бұл жүйеден сәл төменірек болғандықтан, оның бер жағынан тағы бір канал қаза бастадық. Сонымен үш су артериясы секундына 50 текше метр суды алып кете алады.

Олар қаланы қорғайтын бөгет жолының негізі болады. Жалпы жасалып жатқан жұмыс ұзындығы 250 шақырымға жақын, қазір 210 шақырымы аяқталды. Жайықтың бойын көтеріп жатырмыз, экологиялық қаупі бар тұрмыстық қалдық полигонын бекініспен қоршадық.

Екі параметрді екі түрлі топ зерделейді. Бөгеттердің сапасын техникалық бақылау мамандары қараса, екінші топ геодезист мамандардан тұрады.

Қазір Оралда қолдан жасалған бөгеттерді су бұзып өтті. Мұндай жағдай Атырауда да қайталануы мүмкін бе?

Бұлай айтқаным дұрыс емес шығар, бірақ біздің бөгеттердің сапасы жақсырақ, себебі бізде дайындалуға уақыт көбірек болды. Жұмыс істеп жатқанымызға жақында бір ай болады. Жайық іргесіндегі ескі бөгеттердің енін ұлғайттық, әр қабатын құммен нығыздап, биіктетіп жатырмыз. Оның үстінен қосымша қаптап, үстінен құм төгеміз.

Біз көршілердің қатесінен сабақ алып жатырмыз. Әр нүктеге бей-жай қарауға болмайтынына көзіміз жетті. Бір нүкте әлсіз болса, сол жерден су кіріп кетеді. Құлсарыда сондай жағдай болды.

Тұрғындар мен бөгет тұрғызуға келген еріктілер, мемлекеттік мекемелер арасындағы кикілжіңді де көріп қалдық. Тұрғындармен байланыс қалай жүріп жатыр?

Жаға маңындағы Балықшы ықшамауданында 29 үй бар. Біз жағалауды бекіту жұмысы аясында олардың қақпасын бұзамыз деп ескерттік. Қақпаларды бұзып, жағалауды бекіттік. Алайда Халелов көшесінде ондай мүмкіндік болмады, себебі үйлері жағалауға тиіп тұр. Сондықтан көшені сыртынан айнала, Жилгородок пен Балықшы арасында бөгет салуға тура келді. Үйлері суға кетсе, мемлекеттің қажеті үшін алынады деп бәрін ескерттік. Не дегенмен, шешім қабылданады, себебі Жайықтың бойы толықтай бекітілуі керек.

Кейін бұл бөгеттердің бәрі осылай қала ма?

Топырақ бөгеттері өте сапалы салынды деп ойлаймыз. Өңірде қазірден бастап «Табиғат» деп аталатын арнайы коммуналдық мекеме құрып жатырмыз. Ол осы бөгеттерді сақтап қалу, ары қарай дамыту және су шаруашылығы, каналдар мәселесімен айналысатын мекеме болады.

Сондай-ақ, тасқыннан кейін жағалауларды абаттандыру бойынша арнайы бағдарлама қабылдаймыз деп шештік. Жылма-жыл бетонмен қапталған жағалаулар санын арттыра береміз.

Облысқа нөпір су қашан келетіні жөнінде болжам бар ма?

Жайық өзені бойынша жоғары білім министрлігінен жаңа ғана болжам алдым, оны әлі толық оқымадым, бірақ тасқынның шарықтау шегі 3 мамырда болады деп жазып жатыр.

Жалпы, барлық болжамға сүйене отырып, Атырауға су кірмеуі керек деп отырмыз. Негізінде, ол соңғы 100 жылда ешқашан қала шекарасына кірген емес. Махамбет ауданындағы кейбір саяжайларды су басуы мүмкін. Онда біз мүмкіндігінше барлық жерді бекітіп жатырмыз. Дегенмен, эвакуация болса, 20 мыңға жуық орын дайын.

Сұхбат 21 сәуір күні жазылды